Ноғай ишан мешіті Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында орналасқан. Нысанның құрылыс жұмысы 1902-1903 жылдар аралығында жүргізілген.
Мешіт 1981 жылғы 29 қаңтарда Шымкент облыстық халықтық депутаттар кеңесі Атқару комитетінің №61 шешімімен мемлекеттік қорғауға республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші ретінде алынған.
Ноғай ишанның азан шақырып қойған есімі-Шаһиахмед. Қазақ даласына ислам дінін насихаттаушы Шаһиахмед мырза Меккеге барып қажы атанып, сол сапарында ілім-білім алып, «ишан» дәрежесін иемденеді. Шаһиахмед қазақ еліне татар елінен келгендіктен ел «Ноғай ишан» деп атап кеткен. 
Мешіттің ғимараты бір қабатты, жер бетінен биіктігі 12,2 м. Мешіт ғимараты солтүстік-батыс жағынан биіктігі 4,9 м болатын айванмен жалғасады. Ноғай Ишан мешіті күйдірілген кірпіштен тұрғызылса да оның көптеген құрылымдарына ағаш пен темір пайдаланылған. Құрылыстың жалпы ауданы 32*15 м. Мешіттің оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөлігіндегі қасбеті тіктөртбұрышты және көлденең белбеулермен безендірілген. Мешіт лоджиясы шынысының тор түрінде сүйір кескінмен орындалғандығымен және күмбезінің ішкі бөлігінде салынған өрнектерімен ерекшеленеді. Бүйірінде шағын мұнаралары бар кіреберіс порталы өте қызықты. Оның қуыс-дәлізінің үстінде ағаштан түйін түйгендей етіп аса шеберлікпен жасалған тор терезелі лоджиясы бар. Ғимараттың ортасында үлкен намаз оқу залы орналасқан. Ол шығысындағы айван-галереямен есік ойығы арқылы байланысады. Галерея төбесінің өрнектелген қарыларын ағаш бағаналар тіреп тұр. Намаз бөлмелерінің үстіңгі бөлігі өрнектермен нақышталған. Ғимараттың орталық бөлігін пияз іспетті күмбезшемен аяқталатын шатырлы төбе бас залдың төрт қырлы пішінін асқақтатып тұр. Мешіт сәулетінде мұсылман әлеміне тән дәстүрлі пішіндер ХІХ-ХХ ғасырлар аралығына тән сәулет өнері элементтерімен үйлесімді ұштастырылған.
Мешіт 1896 жылдан 1928 жылға дейін жұмыс істеген. 1928 жылдан бастап 1993 жылға дейін астық қоймасы, клуб ретінде пайдаланылған. 1993 жылдан бастап мешіт қызметін атқарып тұр. 
Мешітте 1989 жылға дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып келген. Ал 2017 жылы мешітті толық қайта жаңғырту жұмысын қазіргі «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқарды.
«Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандарымен мешіттің сыртқы бөлігіндегі кірпіштері және айван еденінің кірпіштері ішінара алмастырылды, осыған қоса, айван құрылымы қайта қалпына келтірілді. Шатырдың жарамсыз күйге түскен бөліктері жаңартылып, шатыр беті ескі бояудан тазартылып, қайта боялды. Мешіттің терезелері де алмастырылып, сырланды. Суағар құбырлар толығымен алмастырылды. Ғимараттың сыртқы қабырғасындығы кірпіштердің жіктерін әрлеу жұмысы, ішкі қабырғасын ескі сылақтан тазалау және қайта сылау жұмыстары толығымен жүгізіліп аяқталды.

«Қазқайтажаңарту» РМК баспасөз қызметі (19.01.18)

image3image4image5image6image7

Шоқай датқа кесенесі Жамбыл облысы Сарысу ауданының Саудакент ауылының шетінде орналасқан. ХVІІ-ХVІІІ ғасырға жататын архитектуралық ескерткіш. Ескерткішке зерттеу жұмыстарын 1946 жылы «Казпроектреставрация» мамандары мен Орталық Қазақстан археология экспедициясы мамандары жүргізді. 1982 жылы ескерткіш Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. 
Шоқай датқа өз заманында беделді, ықпалды тұлға болған. Ел арасын тату ұстау үшін күш салып, қазақ-қырғыз арасындағы дау-дамайларды шешкен. Шоқай датқаның қызметі мен өмірі жайлы тәуелсіздік жылдарынан бастап жарық көрген біршама еңбектер бар. Атап айтар болсақ, Ж.Миллионовтың құрастыруымен шыққан «Шоқай Датқа» кітабы, ақын Маралтай Ыбыраевтың дастаны.
Шоқай датқа кесенесін бауыры Шәкен мен ұлы Төрегелді салдырған. Кесененің сыртқы қабырғасының ұзындығы 8 м, ені 7 м. Кесененің негізгі қабырғасы қам кірпіштен қаланып, сыртына күйдірілген кірпіштер қаптама ретінде қолданылған. Кесененің сырқы қабырғасына пайдаланылған кірпіштер құрылыс орнында күйдірілген. Кірпіштерді күйдіру үшін сол аймақтарда өсетін баялыш шөбін пайдаланған. Баялыш шөбі кірпішті жақсы күйдіруімен қатар, кірпішке ерекше әдемі иіс береді. Кірпіштің құрылымы біркелкі болу үшін балшығын арнайы жылқыға таптатып илеткен деген дерек бар. Үлкен бір бөлмеден тұратын кесене ішінде күмбезді белгі тастабыт орналасқан. Кесененің қасбетіндегі арка үшкіл пішінде болса, кесенеге кірер тұстағы арка тіктөртбұрышты. Кіре беріс қақпаның (арканың) бүйірлерінде әсемдік үшін тереңдетіп салынған текшелер бар.
2017 жылы «Қазақайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Шоқай датқа кесенесі толықтай қалпына келтірілді. Кесененің еденіндегі жарамсыз күйге түскен плиталар алмастырылып, күмбездің қаптама және ішкі бөлігіндегі кірпіштері ішінара алмастырылып, күмбезге гидрооқшаулау жұмысы жүргізілді. Шоқай датқа кесенесінің сыртқы қабырғасындағы беткі қабат (қаптама) кірпіштері толығымен алмастырылып, ішкі қабырғаны сылау жұмысы толығымен жүргізілді. Сонымен бірге, іргетастың іші-сыртындағы ылғалды реттеп тұру үшін арнайы жүйе орнатылды.

image1image2

17.01.2018

FaLang translation system by Faboba
Мы в социальных сетях