Ағымдағы жылдың 2-3 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиевтың қатысуымен «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» бойынша жұмыс тобының өңірлік кеңесі өтті.
Кеңесте «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясының алдын-ала тізіміне ескерткіштерді енгізу үшін, объектілердегі үйлестіру және критерийлерді анықтау мәселелері, трансұлттық номинацияның іс-қимыл жоспарын ілгерілету арқылы өзектендіру және объектілер тізімін бекіту бойынша бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, номинацияның тізіміне енгізілуі үшін еліміздегі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің презентациясы қатысушылардың назарына ұсынылды.
Екі күнге жалғасқан жиын аясында алыс-жақыннан келген қатысушылардың баяндамасы тыңдалып, қатысушылар өзара пікірлесті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігінің, Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Өзбекстан Республикасы ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының, Орталық Азия зерттеулері халықаралық институтының және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанындағы Дүниежүзілік мұра ұлттық комитетінің өкілдері қатысты.