«Қазқайтажаңарту» РМК 2021 жылғы атқарылып жатқан жұмыстары туралы және 2022 жылға жоспарланған тарихи- мәдени ескерткіштерді ғылыми-реставрациялау жұмыстарын мемлекеттік тапсырма негізінде орындау бойынша жиын өтті.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі төрағасының орынбасары Сәмбетов Болат Қуанышбеккұлының қатысуымен өткен бұл жиын, ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылды.
Жиында «Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Махаббат Бигельдиев, Кәсіпорынның 2021 жылғы жоспарына сәйкес, нысандардағы атқарылып жатқан реставрация, консервация бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталып, 2022 жылғы жоспарланған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі таныстырып өтті.
Жалпы, Кәсіпорынның негізгі бағыты – республикалық дәрежедегі және шетелде қазақ тарихына, мәдениетіне, өркениетіне қатысы бар тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін жаңғырту, ғылыми-реставрациялау, консервациялау, регенерация жұмыстарын орындау, ғылыми–зерттеу жобаларын жасау және ескерткіштер жинағын дайындау болып табылады.
Сонымен қатар, Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде ел аумағы бойынша 250 объекті бар. Ол жыл сайын жаңартылып, жаңа құнды нысандар осы тізімге енгізіліп тұрады.
Бұдан өзге, жарыссөзге қатысқан сөз сөйлеушілер, Кәсіпорынның реставрация саласындағы маңыздылығын айта отырып, тарихи мұраларды сақтап қалу жөнінде өзара пікір алмасты.
Жиынға, Ғылыми – зерттеу және жобалау филиалының өкілдері, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің басшылығы, ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының басшылығы,археолог мамандар, Қырым аралы ғылыми-реставрациялау зертханасының басшылығы қатысты.