Бүгін, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Мәдениет комитетіне қарасты, Мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 2020 жылғы қызметінің нәтижелерін тыңдау туралы жиын өтті.
Онлайн форматта өткізілген жиын барысында, «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры Махаббат Бигельдиев баяндама жасады.
Өз баяндамасында, Кәсіпорын «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңын іске асыру шеңберінде, 2020 жылы нысандарда жүргізілген ғылыми-қайта қалпына келтіру, консервация, реставрация бағытындағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, атқарылған ауқымды жұмыстардың қатарында, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, Жидебай шатқалындағы Абайдың музей-үйінде, «Ұлжан-Зере» кесенесінде, Семей қаласындағы Ахмет Риза мешіт-медресесіне және «Жидебай Бөрілі» әдеби-мемориалдық музей ғимаратында ғылыми-реставрациялау жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында, Жошы хан және Алаша хан кесенелерінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан өзге, Кәсіпорынның әрі қарай дамыту бағытындағы проблемалық мәселелерге тоқталып, ұсыныстар егжей-тегжейлі пысықталды.