Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің онлайн форматта 2020 жылдағы атқарылған қызметі және 2021 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген Алқа мәжілісі өтті. Аталмыш жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты.
Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және қоғамдық кеңес өкілдері, Парламент депутаттары, Министрлікке бағынысты мекемелер мен жергілікті атқарушы орган басшылары қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, вице-министр Нұрғиса Дәуешов, Сәкен Мұсайбеков, Ғабидолла Әбдірахымов баяндама жасады.
Алқа мәжілісінде келесі мәселелер қаралды:
- 2020 жылы Қазақстан Республикасының мәдениеті мен тіл саясатын дамыту туралы;
- дене шынықтыру және спорт саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
- мәдениет, спорт және туризм саласындағы кәсіподақтардың қызметі туралы;
- 2021 жылы туристік саланы дамыту туралы;
- спорт саласындағы ұсынылған бастамалардың ағымдағы жағдайы және 2021 жылы оны дамыту;
- ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері.
Бұдан өзге, Министр Мемлекет басшысының "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" Жолдауының, Елбасының "Рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақалаларын негізгі басымдықтарын талқылауға ерекше назар аударды.
Жиын соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов: “Бұл жыл біздің халқымыз үшін тарихи маңызды. Біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Еліміз бойынша еліміздің мерейтойына арналған 360-тан астам мәдени және 400-ге жуық спорттық іс-шаралар жоспарланған. Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл Наурыз жаңартылған тұжырымдамамен, мазмұнмен байытылатын болады. Жазғы Олимпиадаға қатысты Жапониядағы нәтижелер 2016 жылғы ойындардан төмен болмауы тиіс” - деп, нақты бірқатар тапсырмалар берді.
Отырыс соңында министрлік жұмысының негізгі бағыттары айқындалып, мәдениет, спорт және туризм саласын дамытуға қатысты тапсырмаларды сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету үшін міндеттер қойылды.