17 қаңтар күні «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумда ғылыми-зерттеу және мәдени білім беру іс-шараларын бірлесіп әзірлеу және тарихи-мәдени ескерткіштерде археологиялық зерттеулер жүргізу, қайта қалпына келтіру, консервациялау, музейлендіру бойынша мамандар серіктестігін ұйымдастыру, сондай-ақ керекті материалдармен бөлісу мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылған.
«Қазқайтажаңарту» кәсіпорны биыл, «Жастар жылында» болашақ ұрпақты қолдау мақсатында студенттерге арналған реставрациялық лагерьлерді құруды көздеп отыр. Осы тұрғыда Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен серіктестігіміз қызметіміздің ғылыми құрамдас бөлігімен қоса, жастардың тарихи-мәдени сауаттылығын арттыруда үлкен үлесін қосады деген сенімдеміз.