"Қазқайтажаңарту" РМК мемлекеттік тапсырма аясында, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруда, кесенедегі Қазандық бөлмесінің сәндік күмбезінің (сталактиттердің) техникалық жай-күйін зерттеу үшін шетелдік сарапшыларды тарту міндеті қойылды.
Осыған орай, тарихи сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру және сталактит конструкциялары бойынша тәжірибесі бар мамандар іздестіріліп, келіссөздерден кейін Түркістан қаласына Иран мен Өзбекстаннан ғылыми сарапшылар мен шеберлерді шақыру туралы шешім қабылданды, өйткені бұл елдерде сол кезеңдегі ескерткіштер бар.
Өткен аптада шақырылған ғылыми сарапшылар Түркістан қаласына келді.
Өз кезегінде, отандық білікті мамандар мен Ираннан, Өзбекстаннан шақырылған мамандардан тұратын жұмыс тобы кесенені аралау барысында Қазандық бөлмесіндегі күмбездің және күмбезаралық кеңістігіне жету қиын жерлерді толыққанды тексеру үшін арнайы жарықтандырғыш аспаптармен өлшеп, тексерді.
Одан әрі, мониторинг-орталықтың базасында жұмыс тобы кесененің қазіргі техникалық жай-күйін шешу жолдарын талқылады. Сапар аяқталғаннан кейін, Иран мен Өзбекстаннан келген сарапшылар белгіленген уақытта ұсынымдық қорытынды береді.