Кез келген дәуірді алсақ, сол өркениеттің белгілі бір мәдениеті мен салты, әдет-ғұрпы болады. Тарихымыздан сыр шертетін көне тарихи-мәдени ескерткіштер мен жәдігерлер қазіргі таңда баға жетпес құндылығымыз екені айғақ. Еліміздегі бірқатар төбемізге көтеріп жүрген тарихи мұраларымызбен ескерткіштерімізді сол жағдайында сақтап қалу үшін 1972 жылы 29 наурызда «Қазқайтажаңарту» мекемесі құрылған болатын. Биыл Кәсіпорынның құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған орай, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Кәсіпорнымыздың 50 жылдығына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада Кәсіпорын туралы бейнеролик көрсетіліп, дәстүр бойынша күмбірлеген күймен ашылды.

Алғы сөзді бастаған Кәсіпорынның бас директоры Махаббат Бигельдиев ғылыми- реставрация бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын баяндап, ұжым қызметкерлерін елу жылдық мерейтоймен құттықтады. Ұлт игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс тіледі.

Одан әрі, Бас директор ұлттық мәдени мұраны сақтауда, ғылыми-реставрация саласының дамуына үлес қосқан азаматтарды  «Қазқайтажаңарту 50 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады. Сәйкесінше, Кәсіпорын ардагерлері ардақталып, құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар, әріптестерімізге саланың тұрақты дамып, өркендеу жолында сіңірген абыройлы еңбегі мен елеулі үлесі және белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а Серік Жарасбаевтың алғыс хаттарын табыс етті.
 
Салтанатты рәсім барысында мерейтойға арнайы шығарылған «Қазқайтажаңарту 50 жыл. Жаңғырған тарих» атты  кітабының тұсауы кесілді. Бас директор Бигельдиев Махаббат Садуақасұлы, кәсіпорынның ардагері Тұяқбаев Қанат Қымызұлы, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өкілі
Халафова Айгуль арнайы сахна төріне шақырылып, кітаптың тұсауын кесті.

Бұдан өзге, жиын шақырылған қонақтардың ыстық лебізімен жалғасып, филармонияның өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

«Қазқайтажаңарту»  –  тарихи мұралардың шырақшысы. Тарих дегеніміз өткен күн ғана емес. Ол – болашақ. Біздің міндет – оларды сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау.

Той тойға ұлассын! Мерейтой құтты болсын!

FaLang translation system by Faboba
Мы в социальных сетях