Отырар қалажұртындағы 2020-2022 жылдарға жоспарланған «Отырар қалажұртын зерттеу, консервациялау және ішінара қалпына келтіру» атты жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес “Қазқайтажаңарту” мекемесі Отырар қалажұртындағы зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және нысандарды реставрациялау мен консервациялау жұмыстарын жүзеге асырды.
Соның нәтижесінде үш жылдық жоба бүгін өз мәресіне жетті.
Жобаның жалпы мақсаты - Отырар қалашығының оңтүстік қақпасымен солтүстік-шығыс қақпасын бір біріне байланыстырып жатқан негізгі көшенің бойындағы қоғамдық орындарды және жеке меншік сияқты нысандарды аршу, оларға реставрациялық, консервациялық жұмыстар жүргізу және оларды ашық аспан астындағы музейге айналдыру және келуші туристерге қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Салтанатты шараның құттықтау сөзі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа берілді.
Өз сөзінде , аталған жобаның мақсаты мен маңызына тоқталып, жоба аясында жұмыс жасаған барша қызметкерлерге алғысын жеткізді.
Содан соң, «Қазқайтажаңарту» мекемесінің бас директоры Махаббат Бигельдиев Отырар қалажұртындағы жүргізілген ғылыми- реставрациялық, консервациялық, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері мен музеефикациялық жұмыстардың ретін таныстырып өтті.
2020 жылы бастау алған Үш жылдық жобаның маңыздылығын айта отырып, жүйелі түрде жүргізілген реставрациялық жұмыстардың нәтижесі бүгінгі күні көпшіліктің назарына ұсынылды.
Бұдан өзге, іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, музей басшылығы, шетелдік және еліміздің тарихшы ғалымдары мен археологтары, туроператорлар мен БАҚ өкілдері қатысты.