Қырғызстан астанасында Ұлы Абайдың ескерткіші орнатылып, ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров қатысты.
Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.
Тұғырымен қоса есептегенде жалпы биіктігі 4,6 метр болатын ұлы ойшылдың мүсіні Бішкек қаласындағы, «Театральный» орталық алаңында орнатылды. Ескерткіш қоладан, тұғыры гранит тастан жасалған. Ескерткіштің авторы - мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі - Асқар Нартов. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен, “Қазқайтажаңарту” кәсіпорыны жүзеге асырды. Жобалық-сметалық құжаттамасы "Нұрлан Смағұлов қоры" жеке қорының қаржылық демеушілігімен әзірленді.
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың мәртебесі тек еліміздің көлемінде емес, шет елдерде де асқақ екені белгілі. Себебі, ұлы ақынның мол мұрасы, адамгершілік өсиеттері халқымыздың ғана емес, барша түркі елдерінің игілігіне айналды.